Кітап қанша тұрады?

Шымкенттегі «Төлеби-Кітап үйі» дүкенінде бұл күндері ұзына бойы кезек. «Мектепте барлық оқулық тегін беріледі деген соң қамсыз жүргенбіз, енді міне, оқулық іздеп сарсаңға түсіп жүрміз», — дейді ата-аналар. Дүкен меңгерушісі Қатира Мұхамеджановамен тілдескенімізде ол: «Оқулықтарға деген сұраныс тамыздың соңғы күндерінен бастап күрт арта түсті. Қазір түскі үзіліссіз және демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз. Әсіресе, бастауыш сыныптардың оқулықтарына деген сұраныс жоғары. Оқулықтардың бағаларында өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ. 500 теңге мен 850 теңгенің аралығында, — деді. — «Ата мұра» баспасынан шыққан барлық оқулықтар бар. Оқулық таусылайын дегеннен тапсырыс береміз, екі күн ішінде оқулықтар жеткізіледі.

Кейбір лицейлер мен жекеменшік мектептердің тапсырысы бойынша орыс тілі, ағылшын тілі және математика пәндерінің оқулықтарын Ресейден тапсырыс арқылы алдырып жатырмыз. Сұраныс болғандықтан «Ата мұра» баспасынан өзге де баспаның оқулықтарын, атап айтқанда «Мектеп» «Арман» баспаларынан шығарылған оқулықтарға да тапсырыс береміз. Кейбір ата-аналар өздерінің қандай оқулық алатындарын білмейді. Не авторын, не баспаның атын білмей біздерді де шаршатады. Осындай болмас үшін мектеп мұғалімдері оқулық тізімдерін, авторларымен қоса, баспаның атын жазып берсе жөн болар еді. Мысалы Шымкенттегі «Бәйтерек» мектебінің ұжымы осындай тізім берген, біз тізімге қарап, қажетті оқулықтарды қиындықсыз жинаққтап бере қоямыз. Сонда мұндай ұзын-сонар кезек те болмас еді».

Орайы келгенде базарлардағы оқулықтар бағасының қандай екенін де көзімізбен көрмек болдық. Жаңа, ұсталмаған оқулықтардың бағасы дүкендегі бағадан айырмашылығы жоқ. Ал ұсталған ескі оқулықтардың бағасы оқулықтың жағдайына қарай 200-350 теңге аралығында екен. Оқулық іздеген жұрттың көпшілігі «Қырғы базарға» баратын көрінеді. «Айна» базары мен «Самал» базарында оқулықтардың бағалары аздап қымбаттау деседі білетіндер. Дегенмен базарлардың барлығында да бастауыш сыныптың оқулықтарының ескісін де, жаңасын да табу оңай болғанмен, жоғары сыныпқа арналған оқулықтар онша көп емес. Оқулықтарды «Жамалбек қажы» базарынан да табуға болады. Біздің бір аңғарғанымыз, базарда оқулық бағасын саудаласу арқылы аздап түсіріп алуға болады екен. Сондықтан, «үйдегі нарықты базардағы сауда бұзады» дегенді естен шығармай, балаңызға қажетті оқулықты алуда қапы қалмаңыз. Оқулықты базардан аласыз ба, дүкеннен аласыз ба, ол маңызды емес, бастысы, балаңыз оқулық тапшылығын тартпасын.

Қ. СМАНҚЫЗЫ