ОҚО-да оқулық жетпей жатыр

425
оқулық

Облыста оқушыларға оқулық жетіспей жатыр. Былтырдан бері сыныптарды кітаптармен сатылай қамтамасыз етуге аудан-қала әкімдеріне тыңғылықты кірісуге тапсырма берілген, айтарлықтай ден қойып отырған жоқ. 2011 жылы 1-ші, 6-шы, 11-сыныптарға оқулықпен білім басқармасының араласуымен оқу құралдары таратылған болатын. Биыл да осындай келеңсіздік белең алуда.

Биыл мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар  әліппеден бастап барлық оқулықтары мен дәптерлерін толық алған. Айта кетейік, білім министрлігінің арнайы бағдарламасы аясында былтыр 4,6,11-сыныптар оқулықпен толық қамтылса, биыл 1,7,8-сыныптар тегін оқулық алады деп күтілуде. Бұған оқушылар мен ата-аналары да риза.

Диас Нақып, оқушы: «Мектеп барлық кітаптарды берді. Ата-анам сатып алып, артық шығынға ұшыраған жоқ. Барлық оқулығым түгел. Бұрыңғыдай ешкімге жалынбаймын. Енді сабақты жақсы оқуым керек.»

Дегенмен, тегін оқулықтар әлі толық таратылған жоқ. Қыркүйектің15-іне дейін 7-8-ші сыныптың кітаптары оқушылардың қолына тиюі қажет. Ал басқа сыныптардың оқушыларының өздері сатып алуларына тура келеді.

Жанат Тажиева, қалалық білім бөлімінің бастығы:«1,4,6,7,8,11 сыныптың оқушылары оқулық сатып алмаса да болады. Өйткені мектептер толық қамтып отыр. Ал бұдан бөлек сынып оқушыларының ата-аналары  бөлшек сауда желісі арқылы өздері сатып алулары қажет. Отбасылық жағдайы төмен оқушылар арнайы құжаттарды мектептерге өткізу арқылы тегін оқулықпен қамтамасыз етіледі. Ал баспаға келер болсақ, бағдарлама бір, бірақ оқулықтар әртүрлі баспада шығып жатыр. Альтернативті оқыту жүйесіне еніп отырмыз. Кейбір мектептер де «Алматы», енді бірінде «Атамұра», «Мектеп» баспасынан оқытылып жатқан жайы бар. Сондықтан да, мектептің ата-аналарымен бірлесіп, қай  оқулықты мектеп қажет деп табатын болса, соны алу керек. Кез-келген оқулықта жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар. Себебі бағдарлама бір, оқу жоспары бір, ішіндегі сағат саны бір.»

Облыста Шымкенттен басқа Отырар, Бәйдібек сынды аудандарда оқулықпен қамтудың екінші кезеңі аяқталды. Ал Қазығұрт, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласының басшылығы оқулыққа қажетті қаржыны әлі күнге дейін бөлмеген.

Айткүл Сәулебаева, ОҚО білім басқармасының кітаптар қоры жөніндегі бас маманы:«Былтырғы жылға қарағанда биылғы жылы кейбір аудан-қалалардың әкімдері түсіністікпен қарады.Мысалы Шымкент қаласы.Толық жүз пайыз қаржысын бөліп отыр. Мектептерінің 1-сыныптары оқулықтарының бәрін алды. Ал 7-8 сыныптар алдағы күндері кітаптарын алады. Одан кейін Бәйдібек, Шардара ауданы, Ордабасы ауданы оқулықпен дер кезінде қамтып отыр. Қалған әкімдер қаржыларын жеткізбей отыр.»

Жаңа оқу жылында тәжік мектептерінің де оқулықтары басылып жатыр дейді білім басқармасындағылар. Ол үшін Тәжікстаннан арнайы мамандар да шақыртылыпты. Енді оқушылардың оқулықпен толық қамтылуы әкімдерге байланысты.