Шымкентте екі күн газ болмады

259
Тұрғындар газдың болмағанына ашулы

Аптаның қақ ортасында қаладағы біраз шағынаудандарында табиғи газ тоқтап қалып, тұрғындар әбігерге түсті. Біразы біздің арнамызға хабарласып, шағымданды. Өздерінің айтуларынша, екі күн бойы көгілдір отынсыз қалған шымкенттіктерге тек кешке қарай ғана газ беріле бастады.

Ш.Уәлиханов көшесіндегі №204-үйде тұратын Любовь Керикова көп балалы ана. Көгілдір отын өшкелі бері кішкентайларының мазасы болмапты. Тәттілер мен суға піскен ботқаңды ішпейді дейді. Жалғыз электр-шәйнекке телміріп отырғандарына 2 күн болыпты.

 Любовь Керикова, тұрғын:»Ешқандай ескертусіз екі күн бойы газды өшіріп отыр. Біз бала-шағамызбен бірге қиналып қалдық. Телефон соқсақ, жауап та бермейді олар. Тым болмаса, алдын ала ескертсе болады ғой, қамданатын едік».

Аулаға жиналған мына тұрғындардың барлығының үйінде газ жоқ. Ыстық тамақ ішпегендеріне екі тәулік болыпты.

Шолпан Жаппарова, тұрғын:»Біз емізулі анамыз.Екі күн бойы дайын тамақтар жедік.Одан қай бір сүт шықсын.Қиналып қалдық, неге алдын ала ескертпеді.Келіп қалар деген үмітпен, екі күн шыдадық».

Бір қызығы, біз барған аулаға «ҚазТрансГазАймақтың» мамандары бірден келіп, көшедегі №204,202,201 үйлерге табиғи газды қоса бастады. Осылайша екі тәулікке тоқтап қалған көгілдір отынның мәселесі әп-сәтте шешілді.

Қуаныш Наурызбаев, «ҚазТрансГазАймақ» ЖШС-ның слесары:»Бізде Орынбай Ақын көшесінде апаттық жағдай орын алды. Содан енді жөндеп біттік.Өздеріңіз көріп тұрғандай, біртіндеп үйлерге газ қосып келеміз».

Бірақ, тұрғындардың шағымы мұнымен бітпек емес. Олар дәл осы мекеме көрсеткен техникалық қызметке наразы. Десе де көгілдір отын қосылған соң біраз тынышталып қалды.