Шымкентте театр апталығы басталды

519
Мархабат Байғұттың "Жоғалған жұрнағы" сахналануда

Шымкентте театр апталығы басталды. Облыстың 80 жылдығына арналған театр фестиваліне 8 ұжым қатысады. Фестиваль шымылдығын Жетісай драма театры жазушы Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» атты пьесасымен ашты.

Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнағы» сахналануда

Желтоқсанның ызғарына үсіген өмір, үзілген үміт-ғұмыр… «Жетісай драма театры апталықтың алғашқы күнін М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнағымен» бастады.

М.Байғұт, жазушы- драматург: «Бұл шығарма алдымен әңгіме түрінде жазылған. 1996 жылы кітап болып шықты. Кейіннен мектеп ұжымдары басқа да шығармашыл орталар өздігінше қойылым ретінде қойып жүрді. «Осы шағрманы неге пъессаға айналдырмайсыз? Сахналауға сұранып тұрған шығарма ғой» деген ұсыныстар жиі айтылды. Сосын драмалық шығарма ретінде осыдан біраз жыл бұрын Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрына, Жетісай драма театрына ұсындым. Соның сәті енді келген екен. Қойылымда режиссер өзінше трактовка жасаған. Құп алатын тұсы да, құптамас тұсым да бар. Бірақ басты ролдегі Жұрнақ пен мектеп директоры анасының ролі аса шынайы шыққан. Риза болдым».

Психологиялық трагедиядағы басты кейіпкер Жұрнақтың образы жиналған жұртты баурап алды. Басты ролді сомдаудағы шынайылық шын шебердің ісі деп баға берді пъесса авторы.

«Әрбір ролдің өз тәттісі, өз ащысы болады. Барынша шынайы, барымды салып ойнауға тырыстым. Бағасын халық берер»,-дейді Жұрнақ образын сомдаған Жетісай театрының әртісі Қылышбек Қасымбек.

Жиналған жұрт Жұрнақпен жылап, Жұрнақпен қамықты. Әсіресе, студент жастар қойылымнан алған әсерін айтысты.

Облыстың 80 жылдығына Жетісай театрының шашуын көрермен жылы қабылдады. Қойылымның қоюшы режиссерінің де мұраты осы. Жоғалған Жұрнақтың» жеткізбек болғаны да осы.

Тұрғынбек Әшімов, қоюшы  режиссер: «Бұл біздің облыстың 80 жылдығына деген сыйымыз. Пъессаның желісін толық алар болсақ, бір сағат емес, бірнеше сағатқа созылар дүние болар еді. Ықшамдап, театр сахнасына лайықтап алуға тырыстық».

Айта кетейік, бүгін Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында Қ.Сапарбаевтың «Күю мен сүю» шығармасы сахналанатын болады. Жергілікті театр ұжымдарының облыс 80 жылдығына тартуынан қапы қалмаңыздар.