Әдетте, толғақ басталысымен әйелдің жеңіл босануы үшін түрлі ырымдар жасалынған. Мәселен, пышақты қайрап, тамақ дайындау, толғатқан әйелдің шашын тарқату, үйдегі теңдердің бауын шешіп босату, әбдіре, кебежелердің аузын ашу деген сияқты жөн-жоралғыларды жасайтыны бар.
«Босанған әйел жас нәрестедей пәк» болады деп санайтын тәжірибесі мол аналар жын-шайтан жоламасын деген ниетпен оның бас жағына Құран, пышақ қойып, мүмкіндігінше босанған әйелді жалғыз қалдырмай, үнемі қасында болады. Босанған әйел ерекше бағым-күтімде болады. Қалжаға кой сойып, сорпалап, әл-қуатын көтеретін күшті тағамдар береді. Егер босанатын әйелдің отбасы ауқатты болса, әлгіндей көмек көрсеткен әйелдерге үлкен сыйлық тарту етеді. Әрине, мұның барлығы да ата-бабадан жалғасып келе жатқан ырым-тыйымдар. Ал бұл ырымдар медицинада қаншалықты құпталады?
Бүгінде еліміздегі барлық перзентханалары «Тиімді перинаталдық күтім» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды. Бағдарламаның негізгі мақсаты — әйелді табиғи жолмен босандыру. Осы бағдарлама негізінде әйел толғақ кезінде допты, турникті пайдаланды. Жатыр мойнын ашуға жағдай туғызады. Сондай-ақ, үстелдің, орындықтың үстінде немесе жерде тұрып, жатып, отырып, бір сөзбен айтқанда өзіне ыңғайлы қалыпты таңдап босанады. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында қасына серіктес ретінде жақын туысын кіргізуге мүмкіндігі бар. Мамандардың айтуынша, босанудың 85 % бақылауды ғана талап етеді екен.
Алма Жетаева, Шымкент қалалық №2 перзентхананың акушері:
– Босануды жеңілдетудің қарапайым жолдары бар. Толғақ кезінде мұрын арқылы дем алып, оны ауыз арқылы шығарып, терең тыныс алу керек. Дем алу бірқалыпты, толғақ күшіне байланысты болуы керек. Толғақ кезінде ішке массаж жасау да жақсы көмектеседі. Шалқаңыздан жатып, екі қолыңыздың саусақтарының ұшымен іштің төменгі жағын асықпай, нәзік түрде жан-жаққа сипалаңыз. Беттің бұлшықеттері жатыр мойнымен тығыз байланысты. Сондықтан ішіңіздің ауырсынғанын басу үшін бетіңізді босаңсыту керек. Қабағыңызды түймей, күлімдеуге тырысыңыз. Тіпті өлең айтуға да болады. Сүйікті әуеніңіз де ауырсынуды сездірмейді.
Бүгінгідей медицинасы дамыған заманда босану процесі дәрігерлерше айтсақ, жатыр мойны толықтай ашылған соң, ұрықтың босануы басталады. Акушер мамандар осы кезде күшенуді ерте бастамаңыз деп ескертеді. Әйтпесе, сәби не әйелдің жатыр жолы жарақат алуы мүмкін. Сондықтан босанатын кезде дәрігер мен акушердің айтқанын тыңдау қажет. Олар міндетті түрде күшенетін уақытты айтады. Босанушының жағдайын жеңілдету үшін қолданылатын арнайы үстелдер мен төсектер тұтқалармен (күшенетін кезде әйел адам ұстап тұру үшін) және аяқ қоятын тіреуіштермен (аяғын тіреп тұру үшін) жабдықталған. Бұл кезде қол мен аяқ бүгіліп тұрады, бұл іштің бұлшықеттеріне салмақтың түсуін күшейтеді. Күшенетін кезде бойыңыздағы барлық күшіңізді жинап, терең дем алып, тынысыңызды сәл ұстап қалып, ішіңіздің бұлшықеттері арқылы сәбиіңізді жатырдан шығаруға тырысыңыз. Келесі әрекетті дәрігеріңіздің айтуы бойынша қайталаңыз. Шамамен бір толғақ кезінде 3 рет күшенуге болады. Қатты күш салып күшенсеңіз, сәбиіңіз де дүниеге тез келеді.
Мақпал РЫСБАЕВА