Оңтүстікте су тасқынына дайын емес аудандар бар

433

Оңтүстік өңірінде су шаруашылығына инвентаризациялау үлкен қарқынмен жалғасып жатыр. Бүгінге дейін облыс әкімдігінің коммуналдық меншігінде 898 канал, 438 коллектор, 515 тігінен жайғасқан су сорғыш бар. Бірақ бұл толық мәлімет емес.

Мұхит Отаршиев
Мұхит Отаршиев

Мұхит Отаршиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Аудан-қала әкімдері тиісті шара жүргізбегендіктен, орын алып отырған кемшіліктерге тоқтала кетсем, коммуналдық су шаруашылығы нысандары бойынша каналдарға қазіргі таңда құжаттандыру жұмыстары Бәйдібек 77 пайызға, Отырар 80 пайызға, Шардара 70 пайызға орындалмаған. Қашыртқылар бойынша Отырар 81 пайызға, Шардара 41 пайызға құжаттандыру жұмыстарын жүргізбеген». 

Бұл аудандардағы тұрғындар жайғасқан елдімекендердің ешбірі су тасқынынан алдын ала сақтандырылмаған болып шықты. Мұндағы су арнасы әзірге облыс әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтпегендіктен, оған ешқандай қазынадан қаржы қаралып, жұмыс жасалмайды. Ал енді су қорғау аймағының орналастырылуымен жағдай біртіндеп болса да жақсармақ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=kgl9NIyjdvY[/youtube]

– Қазір 48 өзенде суқорғау аймағы анықталған. Мәселен, Қазығұрт, Сарыағаш, Төлеби, Бәйдібек аудандарында. Бұған қоса 215 су қорғау белгісі орнатылған, – дейді Мұхит Отаршиев.

Аймақ-аумағын анықтау мен оған белгілер орнату өзенді қалыпқа келтіру деп саналмайды. Бұл үшін қаншама жылдар қажет. Өзеннің жағасын құрылыстан, заңсыз ферма мен көлік жуу орындары, жанармей бекеттерінен тазалауға әзірге табиғат пайдалануды реттеу басқармасы құлықсыздық танытып отыр.