«Шабыт келгенде кез келген дүниені жасауға болады»

Бертай Төкеев, «Өрлеу» БАҰО ОҚО ПКБАИ-дің оқытушысы
Бертай Төкеев, «Өрлеу» БАҰО ОҚО ПКБАИ-дің оқытушысы
Бертай Төкеев, «Өрлеу» БАҰО ОҚО ПКБАИ-дің оқытушысы

– Бертай Есмаханұлы, қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасаумен айналысасыз. Бұл кәсіпті қашаннан бастадыңыз?

– 1990 жылы әкем Есмахан өмірден өтіп, бізге үлкен ұсталық мұрасын қалдырды. Содан бері «Адам ұста емес, аспап ұста» деген Төке атамыздан бастау алған шеберлік өнер бүгінгі ұрпағымен жалғасын тапты. Әкемнен қалған ерекше кәсіпті нәсіп етіп, бүгінде түрлі қолөнер туындыларын жасауды жаныма серік етіп келемін.

– Ең алғашқы жасаған туындыңыз туралы айтып берсеңіз?

– Бізден 1400 км қашықтықта жатқан Алматы облысы Күрті ауданында тұратын туған қарындасымның баласы Алмат жиеніме 1990 жылы кішкентай домбыра жасап апардым. Оларды қуантып, өзім де қуандым. Менің шығармашылығымның бастауы – қазақтың қара домбырасы болды.

Қобыз "Мәңгілік сезім"
Қобыз «Мәңгілік сезім»

– Қолданыста көп кездесе бермейтін сазсырнай, сыбызғы, қобыз сынды аспаптарды жасауға деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

– Сазсырнай аспабы ғалым Болат Сарыбаевтың зерттеулерімен көне Отырар қаласынан қазба жұмыстары арқылы табылған. Оны ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби жасады деген жорамал бар. Мектепте 15 жыл музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Әр сабағыма тыңғылықты дайындалумен қатар, шәкірттеріме тың дүниелер жасап, сабағыма жаңалық апарсам деп күндіз-түні ізденетінмін. Өз мамандығыма деген сүйіспеншілік, оқушылардың білімге деген құлшынысын арттыру мені шығармашылыққа бастады. Өз қиялыммен саз аспаптарының бірнеше түрін өмірге әкелдім. Жасаған туындыларымнан шыққан әуенді естігенде, әрбір аспапқа жан біткендей күй кешетінмін. 

Ер "Аққу"
Ер «Аққу»

– Осы уақытқа дейін қобыздың неше түрін жасадыңыз? Әрқайсысының ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз. 

– 1994 жылдан бастап 10 қобыз жасаппын.Әр-қайсысы өзінше ерекше. Дыбысы мен тәрбиелік философиясы үндескен аспаптарым ою-өрнектермен өзгеше өрілді. Бір-біріне ұқсамайды. Бұл аспапты жасауға деген ерекше құлшыныс менің өнерге деген құрметімнің де белгісі болатын. 

– Ұлттық аспаптармен қатар тағы қандай қолөнер туындыларын дүниеге әкелдіңіз?

– Әртүрлі ағаштан ердің 3 түрін жасадым. Сондай-ақ, саздан түрлі мүсіндер сомдадым. Шабыт келгенде кез-келген дүниені жасауға болады. Тұрмысқа қажетті заттарды да өз қолыммен жасағанды ұнатамын. Бұл кәсіп маған ерекше әсер сыйлайды. Шеберліктің шыңына жету мақсат емес, ең бастысы әрбір туындының құндылығы. 

Сазсырнай
Сазсырнай

– Осындай керемет туындыларды әдемі етіп жасау үшін адамға алдымен не керек? 

– Қолөнермен айналысатын адам рухани бай, жаны сұлу, тарихтан, әдебиеттен хабары бар, ұлттық құндылықтарымызбен әбден сусындаған жан болуы тиіс. Ерекше сүйіспеншілік пен рухани байлықтан туындаған дүниелер қашан да өз маңыздылығын жоғалтпайды. Мүмкіндік болса көп оқып, ізденемін. Әлі де білмеген нәрселерімді танып-білуге ұмтыламын. 

– Ерекше кәсіппен айналысудағы мақсатыңыз күнкөріс қамы ма әлде әуестік пе?

– Негізгі мақсатым – ата-бабамның қасиетті өнерін жалғастырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыруда өз үлесімді қосу. Қолөнерлік кәсіптің ерекше, тылсым тұстары жетерлік. Яғни, адам жеке қалып, өз-өзімен күресіп, ойларымен айқасып, қиялымен қауышады! Жан-тәнімен берілгенде ғана мәңгі өлмес, өшпес туындылар туылады. Өзімнің негізгі қызметім. «Өрлеу» БАҰО ОҚО ПКБАИ «Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш оқыту» кафедрасында оқытушымын. Ал қосымша кәсібімнен пайда тапсам деген ниет мүлдем жоқ. Бұл тек ерекше шабыттың арқасында туындайтын кәсіп. 

Сыбызғы пласмасса
Сыбызғы пласмасса

– Қолдан жасаған құнды дүниелеріңізді не істейсіз?

– Шығармашылық жұмыстарым, қолөнер туындыларым әртүрлі көрмелерде сақтаулы. Өзім қызмет ететін институт жанынан құрылған мұражайда да біршама дүниелерім сақталған.

– Сіз жасаған халық аспаптарын өте жоғары бағалап, сатуға ұсыныс білдірген адамдар болды ма?

– 1998 жылы мұғалімдер арасындағы республикалық байқауда «Жыл мұғалімі» атағын алғанымда қолөнерімді жоғары бағалап, биікке шығарған Рахима Тоқтарханқызы Қожамжарова, Сәния Хайруллақызы Бектенғалиева болды. Англияның Бристоль қаласынан келген академик, профессорлар мистер Кью мен мистер Клайв қазақ елінің өнерін зерттеушілер қолөнер туындыларымды зерттеп, үлкен баға берді. Страдеваридің скрипкасы туралы толғанып, «Сіздің жасаған дүниелеріңіз антиквариат, ол өте жоғары бағаланады. Англияда аукцион ұйымдастырайық, аукцион миллионнан бастау алуы керек» деп ұсыныс жасаған болатын. Бірақ, мен бара алмадым, ол кезде ауылда мектеп басшылығында болатынмын.

Қобыз "Тұран әлемі"
Қобыз «Тұран әлемі»

– Сіз айналысатын ерекше кәсіп үлкен шығармашылықты, уақытты қажет етеді. Азаннан кешке дейін мемлекеттік қызметтесіз. Шығармашылығыңызға қай уақытты арнайсыз? 

– Көбіне шығармашылықпен түнде айналысамын немесе жексенбіні пайдалануға тура келеді. Негізі әр дүние тек шабыт арқылы жасалынады. Сондықтан уақыт талғауға мүмкіндік бола бермейді. 

– Кәсібіңізді ары қарай дөңгелететін ізбасарыңыз бар ма? 

– Менің шәкіртім – Ертуған Нұралытегі. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оның өнері менен де асып түседі. Соған қуанамын. Ұлым мен немерелерім де ізімді қуады деген үмітім бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Гүлнұр Сәтбаева