Зиядаш

Зиядаш Оразалықызы

«Адамды тілеуі билейді». Анасынан қалған осы бір қағиданы Зиядаш Оразалықызы әлі күнге өмірлік серік етіп келеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, үнемі ақжарқын кейпінде өзгелерге жанашырлық танытып, жақсы тілегін аямаған асыл жанның өмірден түйгені осы. Бала тәрбиесінде де аса ұқыптылықты, өз ісіне деген жауапкершілікті, сапалы тәрбиемен үндескен қаталдықты жаны қалайды. Өзі өскен ортасы мен ұжымында, ағайын-туыс арасында абырой-беделі жоғары. 

Зиядаш Оразалықызы
Зиядаш Оразалықызы

Сан түрлі асыл қасиеттерді тұла бойына сіңіре білген Зиядаш Оразалықызы өз замандастары арасында әртүрлі прототипке ие. Студент шақта «Коммунист» аталса, қазіргі ұжымдағы «Маргарет Тэтчер», «Темір әйел», «Томирис», «Ғанидың қарындасы», «Генерал» деген атқа ие болғанына Зиядаш Оразалықызы ренжімейді. Керісінше, сол атқа ие азаматтардың прототипі болғанына, ел мұның ерекше қасиеттерін аңғарғанына риза. Құлағы да үйренген. Көптің бірі емес, бірегейі болып, өзінің адал қызметімен дара тұратын абыройлы ұстаздың бағындырған биіктері де аз емес. Облыстық мәслихат, «Нұр Отан» ХДП, білім басқармасының берген Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары, 2006 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталуы сөзімізге дәлел. 

Зиядаш Ізбасарова 1959 жылы 25 ақпанда Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. 1975 жылы орта мектепті үздік бітіріп, Шымкент қаласындағы ет комбинатына жұмысшы болып орналасады. 1979-1984 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтының «Тарих және педагогика» факультетінде білім алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектебінен бастап, 1992 жылдан бері қазіргі Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде тарих пәнінен сабақ берді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Зиядаш Ізбасарова бірнеше жылдан бері колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. 

– Бала кезімнен заң қызметкері болуды армандайтынмын. Бірақ, өмірдегі несібем ұстаздықтан бұйырды. Өз мамандығыма деген шексіз сүйіспеншілігім мені нәтижелі еңбекке жетеледі. Жауапты қызметтің ауыр жүгін арқалағаныммен, ешқашан мойыған не шаршаған емеспін. Қай ғасыр, қай жылда болмасын жастар тәрбиесі ешқашан назардан түскен емес. Бүгінгідей ақпараттық технологиялардың қарыштап дамыған заманында жасөспірімдер мәселесі айрықша көңіл бөлуді қажет етеді, – дейді Зиядаш Оразалықызы.

Иә, тәрбие мәселесі бүгінгідей қордаланған шақта үлкен оқу ордасының тәрбие саласын тізгіндеген Зиядаш Ізбасароваға жүктелген міндет аз емес. Колледжде еңбек еткен жылдарында 4 басшымен қызметтес болған білікті маман іскерлігінің арқасында жауапты қызметтен ауысқан емес. Оның еселі еңбегін ұжымдастары да бағалайды. Талапты ұстаздың жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу жөнінде бірнеше әдістемелік жұмыстары да жарық көрген. «Тәуелсіздік тарихнамасы» атты жинақтың жасалуына еткен Зиядаш Оразалықызы әр жылдың айтулы тарихи оқиғаларын тізбектеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселесін де қолға алыпты. 

Кейіпкеріміз отбасында аяулы жар, өркен жайған әулеттің қадірлі келіні, үлгілі ана. Өмірлік жолдасы Асқат Әбділләұлымен өнегелі әулеттің түтінін түтетіп отыр. Тәрбиелеп өсірген ұлдары жоғары білімді, жауапты қызметте жүрген абыройлы азаматтар.

Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зиядаш Ізбасарова 25 ақпанда мерейлі 55 жасқа толды. 30 жыл ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне арнаған ұлағатты ұстаз бүгінде 3 ұлдың анасы, 4 немеренің аяулы әжесі.

Гүлнұр СӘТБАЕВА