Азық-түлікті арзан алғыңыз келсе, «әлеуметтік сауда орнына» барыңыз

Әлеуметтік сұранысқа ие тауарларға белгіленген баға Шымкенттегі 14 сауда орталығы мен базарларда қолданыла бастады. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс істейтін Шымкенттегі сауда логистикалық орталығы осы жәйді қазір жіті қадағалауда.

Саят Мұғынов, Шымкенттегі сауда логистикалық орталығының директоры: «Біз осы жылы 400 миллион теңгеге азық-түлік өнімдерін сатып алдық. Соңғы он күннен бері сол тауарларды базар сөрелеріне шығарудамыз. Біздің азық-түлікті сақтайтын қоймаларымыз Шымкент пен Сарыағаш және Түркістанда бар. Мұнан кейін облыстың барша аудандарына осындай әлеуметтік бағаларды орнатпақпыз».

Базарлардағы әлеуметтік тауарлардың бағасы тұрақты, әрі одан көтерілмейді дейді орталық мамандары.

Мәселен, пияздың келісі мұнда 35 теңге болса, картоп пен сәбіз 45 теңгеден саудалануда. Ал күріштің келісін тұрғындар 120 теңгеге сатып алып жатыр. Қарақұмық келісі 260 теңге. Өсімдік майының литрі 265 теңге болып белгіленсе, сүйексіз ет пен шегілген етті сатушылар 965 теңгеден сатуда. Ал бұл кезде көршілес сөрелердегі ет құны 1200 бен 1600 теңгенің арасында саудаланып жатты.

Дегенмен базар басшылары тұрақты баға тек журналистер келгенде ғана емес, унемі сақталады деп сендірді.

Бүгінгі таңда Шымкент тұрғындары үшін 3 мың тонна картоп, 300 тонна пияз бен сәбіз сатып алынған. Қарақұмықтың қоры 128 тоннаға жетсе, бидай 25 тоннаны құрап отыр екен. Бұршақ көлемі де осындай. Өсімдік майының қор көлемі 92 тоннаға жеткен.

Ал тұрақты бағадағы тауарларды шымкенттіктер арнайы тақтайшалар ілінген сөрелерден таба алуы мүмкін. Базар басшылығы жаңа жыл сайынғы қымбаттау дәстүрінен шымкенттіктер енді қорықпаса да болады дейді.