Мектеп директоры мұғалімдерді отынға жұмсаған. Нәтижесінде ұстаз опат болды

Бәйдібектегі мұғалімдер 5

ОҚО Бәйдібек ауданына қарасты Бәйдібек ата ауылындағы Алмалы жалпы орта мектебінің бір топ мұғалімі отын теріп келе жатқанда апатқа ұшыраған. Қарашаның 12-і күнгі жазатайым жағдайдан тіл тартпай кеткен Әзілхан Мыңбаев ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Сол күні мектеп директоры орманнан отын әкелу үшін білім ордасындағы ағайларды жұмсаған. Алайда, мұны білім ошағының басшысы Үміт Бейсенова мойындамай отыр. Тіпті, есірген басшы енді осы мұғалімдерді қорқытып, қудалай бастапты.

«Алмалылық» мұғалімдер тіпті, ашулы. Айтуларынша тамызық теру машақаты олардың жыл сайынғы дәстүрі. Бір адамның өліміне себепші болып, жардан құлаған жүк көлігі осы. Көктайғақтан ауып кеткен сол күнгі оқиғаны көлік ішінде болғандар былайша суреттейді.

Арман Пайызханов, мектеп мұғалімі «3 метр жарқабақтан құладық. Біз отынның үстінде болатынбыз. Құлағаннан соң бәріміз ес-түссіз қалдық. Есімді бір жиғанда қайтыс болған  Әзілхан деген баланың аузынан, арқасынан қан ағып жатқанын көрдім. Ал қалған жігіттер орындарында жатты. Мені сондағы өзбектер құтқарып алды.

Дегенмен, биылғы қыс үшін тұтатқыш шырпы жеткілікті болатын. 75 тонна көмірге 2 көлік тамызық қазан айында-ақ дайындалып қойылған. Әрі одан директордың хабары бар.

Сәуле Айнабекова, мектептің  шаруашылық жөніндегі меңгерушісі. «Мен мектеп директорына отын дайын деп айттым, сол үшін мен бармаймын дедім. Отынға бару үшін орманшылардың рұқсаты керек. Ал ол 5 мың теңге тұрады. Оны естіген соң оған менің қаражатым жоқ, оның үстіне отын жетеді. Бірақ ол бәрін баруға мәжбүрледі.

Бақытжан Әріпбаев, мектеп мұғалімі: «Келгеннен кейін директорымыз айтады Отынға он бірі күні жұмсағам. Он екісі күні өздері қашып кеткен отынға деп. Отынға он екі адам қашып кетіп жындымыз ба біз?! Ал енді мына жерде екі жігіт жатыр үйінде, біреуі бұғанасы сынып, біреуі жауырыны сынып, гипсте жатыр. Ол екеуіне директор барып, қорқытып жаздырып алыпты отынға өзіміз кеткенбіз дегізіп».

Мәселенің тоқетеріне келгенде мектеп директоры Үміт Бейсенованың өзі қашқақтайды.

Үміт Бейсенова, «Алмалы» мектебінің директоры: Мектеп мұғалімдерін қарашаның 11-і күні жібергенім рас. Ал 12-і күні мен оларды отынға жібергенім жоқ. Мектеп мұғалімдерінің еңбек шартында бұл жәйт қаралғанба деген сауалынызға жауап бермеймін. Облыстан еңбек инпекторлары келді. Солар анықтап жатыр».

Ұстаздар құзырлы орындар мен аудандық білім бөліміне де арызданыпты. Бірақ нәтиже жоқ деп отыр. Ал бүгін мектепке бір топ ата-ана келіп директордың орнынан кетуін талап етті. Айтуларынша, Ү.Бейсенова мектеп директоры болуға лайықсыз жан. Оның бұйрығымен мектептегі кіші қызметкерлер оның үйін әктеп, нанын пісіріп, тіпті, кірін де жуып беретін көрінеді. Ал айтқанына көніп, дегенін жасамаған қызметкер қырын қарауға ұшырайды екен.

Қазір жазатайымда орын алған жағдайды облыстың еңбек инспекторы тексеріп жатыр. Қорытынды белгілі болған соң тиісті шаралар көріледі.

Бастар Есқараев, облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы: «Бұл мектеп басшылығының жіберген заңбұзушылығы. Себебі, жұмыс беруші отынмен өзі қамтамасыз етуі керек. Оған мұғалімдерді жіберуге құқы жоқ деп ойлаймын».

Отын теруге кетіп, оралмаған Әзілхан Мыңбаевтың жұбайы енді шиеттей үш бүлдіршінімен жесір қалды. Марқұмның суретін қарап, баласын өбектеуге ғана қауқары бар. Оқиғаның орын алғанына айдан асса да, мерт болғанның туыстарына мардымды көмекті ешкім бермеген. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген ауылдағы жалғыз ағылшын тілі пәні мұғалімінің орнына ешкім дәріс беріп жатқан жоқ.