Кентаулықтар қыста жаурамайды

286
Кентау жылусыз қалды

Кентау әкімінің жетінші ақпан күні өткен есебінде қаладағы жылу-энергоорталығының отын қоры 22 күнге ғана жететінін мәлімдеген еді. Сұйық және қатты отынды қасқалдақтың қанындай үнемдеп жұмсап отырған өңір басшылығы көмірді де қарызға алыпты.

Сембек Әбдірахманов, Кентау қалалық мәслихаттың депутаты: «Бұдан 1-2 жыл бұрынғы жағдай қайталана ма деп қорқамыз. Өйткені, қазір жағып жатқан көміріміз де қарызға алынып жатыр деп естідік. Ол қарыз қалай төленеді? Шындығын айтар болсақ, сол жылу орталығына кетіп жатқан қаржының есебі жоқ. Жылда жөндеуден өтеді. Соған қарамастан трубиналары істен шығып, тоқтап тұрды. Күрделі жөндеуден өткен трубиналар неге жұмысын бастамайды?»

Арман Басаров
Арман Басаров

 Араға апта салып, облыс әкімдігінде брифинг өткізген Кентау қалалық тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Басаров көмірдің жеткілікті екенін жария етті. Яғни кентаулықтар жаурамайды деп сенімді түрде мәлімдеме жасады ол.

Кентау қаласында жылу 2013 жылдың 27-қазанынан беріле басталған. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелердің барлығы жылумен қамтылып отыр.

Қаладағы жылу беру орталығында 6 қазандық бар, оның 3-уі жұмыс істеп тұр, 3-уі резервке қойылған. Бір генератор жөндеуде тұрса, 1 генератор қалыпты жағдайда жұмыс атқаруда. Өндіріліп жатқан электр қуаты 4,2 мВт құрайды. Орталық жылу жүйесіне 81 бюджеттік мекеме, 1889 жеке сектордағы тұрғын үй, 327 көпқабатты тұрғын үй қосылған.

2013-2014 жылдары маусымына жалпы қажет көмірдің көлемі 87 500 тоннаны құраса, облыстық бюджеттен қатты отынға бөлінген 148 миллион теңгеге 23 880 тонна көмір алуға келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда 5-ЖЭО-ның қоймасына 23 880 тонна көмір толық жеткізілген. Республикалық бюджеттен қатты отынға бөлінген 88,5 миллион теңгеге 14 472,6 тонна көмір алуға қосымша келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда 5-ЖЭО-ның қоймасына 14 472,6 тонна көмір толығымен жеткізілді. «Кентау сервис» мекемесі (5-ЖЭО) өз қаржысы есебінен 40 000 тонна көмір алуға 244 миллион теңгеге келісім-шарт жасап, қазіргі таңда 60 миллион 200 мың теңге аударылған. Стансаның қоймасына 35 528 тонна көмір жеткізілді және 63 вагон (4 410 тонна) жеткізілу үстінде. Сұйық отын (мазут) алуға 12 миллион теңге қаржы аударылып, қазіргі таңда 5-ЖЭО-ның қоймасына 470,20 тонна мазут жеткізілген.

 Арман Басаров, Кентау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Жылу-энерго орталығының қоймасында сақтаулы тұрған көмір қоры резервте тұрғанын, қажетіне қарай қатты отын күнделікті тасымалданып жатқанын ресми түрде мәлімдеймін. Жылу маусымы аяқталғанға дейін бұл мәселе қатаң бақылауға алынады.»