Насыбай ататын оқушылар көбейді

843
1 дана насыбайдың құны - 20-30 теңгеден бағаланыпты

Шымкентте насыбайға құмартқан мектеп оқушыларының саны артты. Мұны облыстық наркологиялық диспансердің дәрігерлері мәлімдеп отыр. Айтуларынша, жасөспірімдер шылымға қаншалықты тәуелді болса, шақшаға да әуесі анағұрлым артқан.

Жасыл түсті, зияны көп насыбайдың бағасы арзан. Құмарлықтың құлы болғандар үшін бұл шақша қолжетімділігімен де баурап жүр. Ал нарколог мамандар дабыл қағуға кірісті. Мәлім болғанындай, шымкенттік мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің көбі насыбай тұтынушыларының қатарын толықтырған.

Насыбай
Насыбай

Раушан Баймұрынова, облыстық наркологиялық диспансерінің жоғары санатты дәрігер-наркологы: «Жасөспірімдер алғашында қызығады. Қызығып жүріп 1 рет болса да қолданады. Содан тәуелділік пайда болады. Бірақ енді ғана жетілген ағзаны насыбай жаулап, жеткіншектің психикасына үлкен залал тигізеді. Қазіргі кезде насыбайға темекі шөптерінің қалдықтары мен үйді әктейтін әк қосылады. Күл, түйенің, тауықтың қиы және техникалық май қосылады».

Дәрігерлер бұл зиянкесті тұтынудың соңы үлкен қауіпке әкелетінін қатаң ескертіп отыр. Насыбайға құмартудың соңы қатерлі ісікке де ұрындыруы мүмкін. Нарколог мамандардың жуырда жүргізген зерттеулеріне сенсек, темекі тұқылын қоспағанда тауық және түйе қиының құрамында наркологиялық заттар бар екені анықталыпты.

насыбайдың құрамында тауық пен түйенің нәжісі бар
Насыбайдың құрамында, басқаны айтпағанда, тауық пен түйенің қиы да бар

Алайда, дәрігерлердің осылай дабыл қағуы жас насыбайшыларға әсер етпей отыр. Тіпті денсаулығына алаңдайтын түрі жоқ секілді. Шымкенттік студент Константин 3 жылдан бері тілінің астына насыбайды салуға құмартқан. Бозбала темекіні тастау үшін шақшаға құмартыпты.

Константин: «Насыбай арзан. Қалтамызға салмақ салмайды. Зиян екенін білмейді екенмін. Қанша уақыттан бері насыбайды тұтынамын, бірақ, денсаулығыма ешқандай кері әсер еткенін байқамадым. Ал темекі тарту немесе ішімдікке әуестену зиян деп жатады. Менің ойымша қатерлі ісік жүйкенің тозуынан болады.»

Насыбайдың түр-түрі сатылып жатыр
Қазір насыбайдың түр-түрі ашық сатылып жатыр

Ал әзірге Қазақстанда насыбай сатуға ресми түрде шектеу қойылмаған. Сондықтан базарларда жасыл шақшаның саудасы қызу жүріп жатыр. Талғам да кең, түр-түрін кездестіресіз. Тұтынушы үшін «Сайрамдық бомба», «Көк қалта» деген түрлері де ұсынылған.

Ал облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары адамның денсаулығына зиян насыбайды жоюға қауқарсыз екенін айтып ашынады. Бірақ қол қусырып та отырған жоқпыз деп отыр.

Дина Таубаева, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының пихологы: «Насыбайды тастаймын деушілерге есігіміз ашық. Бізде психолог кеңес береді және спорттық шынығу бөлмелері де бар. Кез келген бөлім дәрігерлері көмек қолын созады. Және бұл қызметтің барлығы – тегін.»