«Сығандар» поэмасы сахналанды

499
"Сығандар" қойылымы

Шымкентте орыс ақыны Пушкиннің «Сығандар» поэмасы негізіндегі опера сахналанды. Бұл – сазгер Сергей Рахманиновтың тырнақалды туындысы. Айта кетейік, Бессарабия жазығындағы көшпелі сығандардың өмірі мен жауапсыз махаббаттың заңдары баяндалатын қойылым алғаш рет осыдан 22 жыл бұрын Мәскеуде сахналанған.

операға 70-ке жуық әртіс қатысты
Операға 70-ке жуық әртіс қатысты

Алексей Скибин спектакльде сығанның серісі Алеконың кейпіне енді. Сондықтан бірнеше айдан бері дайындығын қалт жіберген жоқ. Сахнада шеберлікпен рөлін сомдап шыққан әртіс осы операның сөзін жаттау қиынға түскенін жасырған жоқ. Есесіне, басты рөлдің болмысын бойына тез сіңіргенін айтады.

Алексей Скибин
Алексей Скибин

 Алексей Скибин, театр әртісі: «Операның оңайы жоқ. Рөлге ұзақ уақыт дайындалдым. Алеко – қызуқанды адам. Осы мінезі маған ұқсайды. Сондықтан, рөл сәтті шықты деп сенемін. Бірақ, оның басына түскен ауыр жағдайды ешкімге тілемес едім. Көрермендерге сезімге берілудің еш қажеті жоқ дегім келеді. Әрине, үлкен қобалжуды сезіндім. Дегенмен, осынау ауыр психологиялық операда мен жерлестерімнен үлкен демеу күтемін.»

Бессарабия даласындағы сығандар өмірінен сыр шертетін қойылымда жас жұбайлар Алеко мен Земфираның жауапсыз сезімі баяндалады. Оқиға желісі бойынша сыған қызы Земфира өзге жас жігітке көз салып, адал жары мен перзентін тастап кете барады. Ал шаңырағының шайқалуына жол бергісі келмеген Алеко көп ұзамай бақталасының көзін жояды. Ашу үстінде жұбайын да өлтіреді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=rTxq8bbHTA0[/youtube]

Айтпақшы, Пушкиннің бұл поэмасы Оңтүстік сахнасында алғаш рет осыдан 4 жыл бұрын қойылған. Бұған қарамай өз көрермендерін жоғалтпағанын байқауға болады.

Наталья Лапшова, көрермен: «Керемет қойылым! Тәрбиелік мәні зор. Осы еңбекті тамашалағандар махаббат жолында ешқашан қателікке жол бермейді деп ойлаймын. Бірақ, менің Алекоға қатты жаным ашыды. Әйелі отағасы мен перзентіне сатқындық жасады ғой».

"Сығандар" қойылымы
Қойылымнан үзінді

Фариза Үндемесова, көрермен: «Маған бәрі ұнады, әсіресе, әртістердің дауысы керемет. Анық әрі кең тынысты. Мен бұл өнердің алдында бас  иемін. Ал оқиғаға келетін болсақ, мен Алеконың да, Земфираның да әрекеттерін қолдамаймын. Себебі, бірі аяғын шалыс басты, екіншісі екі адамды өлтірді. Негізі, адамға көп дүние үйретеді екен».

Нақсүйері мен бақталасының күнәсін арқалаған Алеко сығандар тобырынан қуылады. Айта кетейік, осы бір бөлімді операның өзіне өнер ұжымының 100-ден астам мүшесі қатыстырылған.