Сырдың суы әділ бөлінбей жүр

Сырдария

Сыр бойындағы диқандарға ең қажетті ресурстың бірі – су. Қуаңшылықты болдырмау және суармалы егістікте су қорларын ықпалдасып реттеу бүгінде өзекті мәселеге айналған. Осыған байланысты еліміздің ғалымдары ауыл шаруашылығында су пайдалануды тиімді басқару тетіктерін қалыптастыру керек дейді.

Сырдария
Сырдария

Негізінен агродақылдар өсіретін Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына Сырдария арнасымен жылына 12 млрд текше метр су келуі қажет. Алайда өзен басында отырған елдер суды қажетті мөлшерде жібермейді. Сөйтіп шаруалар нағыз керек кезінде суға қолы жетпей қор болады. Салдарынан өнімділік азайып, диқанның есіл еңбегі еш кетеді. Ол аздай, су есебі дұрыс түзілмейді және суарылатын алқаптың технологиялық сызбасы жасалмаған. Соның кесірінен су ресурстары әділ әрі тиімді бөлінбеуде.

Сала ғалымдары жылдың климаттық жағдайын ескере отырып, суару кестесі мен мөлшерлеу жүйесін дұрыс қалыптастыруды ұсынуда.  Қазақстан су серіктестігінің төрағасы Нариман Қыпшақбаев «Сырдарияның бойында қалыптасып отырған жағдай өте күрделі. Ауа райы өзгереді. Су азаяды. Бұл жағдайда Сырдарияны алып жатқан 4 мемлекет ортақ көзқараспен шешуі қажет»,-дейді. Сала маманының айтуынша тиісті суды әр мемлекет өзіне алу мәселесін алға шығару керек. Ол үлкен жұмыс. Осыны қалай реттеу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ