Төлебиліктер жыл соңына дейін ауызсумен қамтылмақ

315
Төлеби ауданының әкімі есебінде барлық саланы қамтыды

Төлеби ауданының тұрғындары биыл жылдың соңына дейін толық ауызсумен қамтылса, 2017 жылға дейін өңірге газ таратылмақ. Жағымды жаңалықты халыққа есеп беру жиынында аудан басшысы Әуелхан Тұрғынбеков жеткізді. Кеңес одағы тарағаннан бері тіршілік нәрін пайдалануда таршылық көріп келген ауылдар ендігі жерде суы сарқылмайтын елдімекенге айналмақ.Төлеби ауданына бағытталған 27 миллиард теңгеден астам қаржы былтыр елдімекендердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалған болатын.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында 7 жоба субсидияланып, екі жобаның инфроқұрылымы бекітілген. Қыш зауыты мен құс фабрикасы толығымен іске қосылса, ауыл азаматтары тұрақты жұмыспен қамтылар еді. Ендігі міндет осы болып тұр. Баяндамасында алдымен жетістіктерді тізбектеген аудан әкімі соңынан кемшін тұстарда да шолып шықты.

Төлеби ауданының әкімі   есебінде барлық саланы қамтыды

Әуелхан Тұрғымбеков, Төлеби ауданының әкімі: » Облыстық маңызы бар Ленгір мен Шымкент аралығындағы жол жөнделуде. 17 шақырымдағы құрылысты аяқтауға 743 ммллион теңге қажет. Бюджеттен 500 миллион қаралған. Қаржыландыру мәселесіне ықпал жасасаңыз. Тағы бір күрделік – Леңгір  қаласында су жүйесі жаңалануда.»

Ауданның табиғаты ауыл шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік береді, алайда соны тиімді пайдалана алмай отырмыз дейді тұрғылықты қариялар. Басшыларға сын-ескертпелерін жеткізген аға буын өкіледі мәселені шешу жолдарын да ұсынды.

Құдайберген Оңғаров, республикалық дәрежедегі  дербес зейнеткер, Төлеби ауданының құрметті азаматы: » Жаңа технологияларды шаруашылықта пайдаланбасақ, ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Ұсақ шаруашылықтарды біріктіру қажет. Сонда ірі шаруашылық техника да, тыңайтқыш та сатып алып, озық технологияларды жұмыста пайдаланады. Ауылда барлығымыздың 25 соттық жеріміз бар. Біреулердің сол жері бос жатыр, пайдаланылмайды. Неге сол жер учаскесіне жеміс ағаштарын, көкөніс екпейміз? Өнім керек болса ауылдағы ағайын Шымкентке сапар шегеді. Қазір әкімдікте штат жеткілікті. Халық арасында насихат жұмысын жүргізу керек. Ешкімге масыл болмай, еңбектену керек. Сонда өзімізді өзіміз асырап қоймай, артығын сатып, табыс көреміз.»

Әлеуметтік мәселелердің кезеңімен шешіліп жатқанын халық сезіп те отыр. Бірақ, әлі де балабақшалардың тапшылығына алаңдайды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=GSIxKWf09so[/youtube]

Есепке қатысқан облыс әкімі бұл мәселелер кәсіпкерлермен серіктесу арқылы ауданның өзінде шешілуі тиіс деп нақтылады. Ал аудандағы білім сапасын арттыру, жұмыссыздықты болдырмау әкімнің жұмысты үйлестіру қабілетіне, іскерлігіне байланысты.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Межені аудан әкімдігінің өзі бізге ұсынады. Сондықтан орындалатын жоспар қабылдау керек. Құдайберген ақсақал дұрыс айтады. Аудандағы барлық мүмкіндіктерді толығымен пайдалану керек. Ол үшін жұмысты қай бағытта жүргізу қажет екенін айқындап алу керек. Балабақшаларды мемлекеттік-әлеуметтік серіктестік негізінде салу керек.»

Төлеби ауданында ауыл шаруашылығы дұрыс жолға қойылса, табиғи таза өніммен тек өңір тұрғындарын ғана емес, республика жұртшылығын да қамтуға болады. Осы салада жүйелі тірлік болса, нәтиже жақсы болмақ. Осылай деген төлебиліктер өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан басшысының жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.