Шымкентте ірі қойма жанып кетті (видео)

343

Шымкентте ірі өрт оқиғасы тіркелді. Төтенше жағдай Қапал батыр көшесінің бойында орын алды. Мұнда жүздеген кәсіпкердің тауарлары сақталған қойма түгі қалмай жанып кетті. Бұл туралы суыт хабар күндізгі сағат 13:30 шамасында кезекші өрт сөндіру бөліміне түскен.

Қою қара түтін алыстан-ақ көзге шалынады. Будақтаған түтін, тіпті, күннің көзін жауып қалды. Аумағы бірнеше мың шаршы метрден асып кететін ғимаратты тұтас жалын құшқан. Өрт сөндірушілер қызыл жалынға алыстан тұрып су шашуда. Дегенмен, қойманың іші-сырты тез жанатын заттар болғандықтан, қызыл алау бой берер емес.

 

Асан Домаев, куәгер: «Жұмысшылар жартылай тіркемеден зат түсіріп жатқан. Содан бір қарасам, от шығып кетіпті. Түтін шыққан соң адамдардың барлығы қашып кетті. Меніңше, қысқа тұйықталған болуы мүмкін.»

Өрт қойманың шығыс жағынан шыққан дейді куәгерлер. Содан кейін бүкіл қоймаға тарап кеткен. Жұмысшылар әзірше бүтін тұрған тауарды тасып жатыр. Алғашында оқиға орнына 8 өрт сөндіру тобы шұғыл аттанған. Кейінірек, ірі өртті сөндіруге ұзын-саны 20-дан астам көлік пен бірнеше жүзге жуық сөндіруші қатысты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Kp1n-gb_1XU[/youtube]

Тілсіз жауды ауыздықтау жұмысын облыстық төтенше жағдай департаментінің басшылығы басқарды. Өрт сөндірушілермен қоса полиция қызметкерлері, апатты медицина орталығының мамандары да осында жүр. Тіпті, оқиға орнына Шымкентітң әкімі де келді. Ал жарақат алған адамдар туралы мәлімет расталмады.